«Ботақаннан түлеп ұшқан жастар едік…» «Ботақан» телехабарының түлектерімен кездесу кеші
«Жас-Ұлан» балалар-жасөспірімдер орталығында «Ботақан» телестудиясы бүгінде тұрақты түрде жұмыс атқарып келеді. Қалалық «Арқа дидары» телеарнасынан берілетін телехабар түрлі айдарларды қамтыған. Хабардың тарихына тоқталсақ, «Ботақан» балалар хабарының ең алғаш рет 2013 жылы тұсауы кесілді. Хабардың ең алғашқы қонағы Қажкен Тимур барша көрерменді өзінің керемет биімен таң қалдырған болатын. Ал алғашқы санының жүргізушісі Кәмел Айдана. Бағдарлама бірден барша баланың көңілінен шықты. Бағдарламаның идеясын ұсынушы Лейла Ескенқызы, ал оны жүзеге асырған, балалардың сүйікті ордасы «Жас-Ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығының шығармашылық ұжымы. Осы орайда балалар хабарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Оразова Гүлхашима апайдың да еңбегі зор. Нәтижесінде балалар телестудиясы ашылып, қаламыздың өнерпаз балаларын көрерменмен таныстыру мүмкіндігі туды.
Жыл сайын қаңтар айында студенттер демалысқа келгенде, «Ботақан» телестудиясы дәстүрлі түрде өздерінің алғашқы түлектерінің басын қосып, кездесу ұйымдастырады. «Ботақаннан түлеп ұшқан жастар едік…» атты түлектердің кездесу кешіне бүгінде білікті маман, білімді студент атанған жастар жиналып, кейінгі жас тележүргізушілермен, қала мектеп оқушыларымен сұхбат құрды. Кеш барысында әдемі естеліктер айтылып, экраннан сол кезеңде түсірілген телехабарлар көрсетілді. «Ботақан» хабарының алғашқы жүргізушілері: Марат Мади, Камел Айдана, Рауыл Олжас, Ханзада Мырзағалиева, Естай Арнұр, Тұрымғалиева Лаура, Айтбай Айзат және хабардың алғашқы редакторы Гүлхашима Оразовалар, тележүргізушіліктің оңай мамандық еместігін баяндап берді. Кейінгі жас ұрпаққа сәттілік тілеп, өз лебіздерін де білдірді.
Әсем кеш барысында «Ботақан» телестудиясының өнерлі өрендері ән айтып, би билесе, көркемсөз шеберлері де нақышына келтіріп, өлеңдерін оқыды. Қаншама мыңдаған аудиторияның көңілінен шығу мықтылардың ғана қолынан келеді. Десек те осы асқар шыңды бағындырған алғашқы жүргізушілерімізден үйренеріміз көп.
Кеш соңында «Тілек парағы» толтырылып, қонақтарға шағын сый-сияпат таратылды.
«Ботақан» телехабары жергілікті қалалық арнадан әр кеш сайын өз көрермендерімен қауышады. Қазіргі әлеуметтік желінің ықпалы көбейген заманда, барша көрермендермен тығыз байланыс үшін инстаграмм-парақшамыз да жұмыс атқарады:@botakan_studiiasy. Балалардың сүйікті хабарына айналған «Ботақан» алдағы уақытта да өз жұмысын қарқынды жалғастырады.