«Мен тележүргізуші болғым келеді!» атты қала мектеп оқушылары арасындағы кастинг өтті!
«Жас – Ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығында «Ботақан» балалар телестудиясы жұмыс жасайды. Оқушылар арасынан таңдалған тележүргізушілер қалалық «Арқа дидары» телеарнасы арқылы көрермендермен қауышып отырады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде кастинг арқылы қабылданатын оқушылар осы жолы да сыннан өтті. 22 қазан күні,таңертеңгілік акт залға 50-ден артық бала жиналды. Олар алдымен «Ботақан» студиясы жөнінде шағын бейнефильм тамашалады. Қаламыздағы мектеп оқушылары байқауға зор дайындықпен келген. Өткізілген кастинг келесідей тапсырмалар кезеңінен тұрады:
1–ші тапсырма «Үй тапсырмасы»: қатысушы өз қалауы бойынша ұзақтығы 2 минут болатын өлең жолдары немесе прозадан үзіндіні мәнерлеп айтып беруі шарт.
2-ші тапсырма «Сценариймен жұмыс»: кастингке қатысушыларға әр түрлі тақырыптағы сценариден үзінді беріледі: салтанатты шара, митинг, шоу-бағдарлама т.б. Мәтінмен жұмыс жасау үшін қатысушыға 2 минут уақыт беріледі. Одан соң байқауға қатысушы мәтінді мәнерлеп оқып береді.
Қатысушылардың өнерін 3 әділ қазы мүшесі саралады. Бағалау өлшемдері мынадай шарттардан тұрды:
– жүргізушінің шеберлік қыры (сахна әлемімен жұмыс, аудиториямен байланыс);
– сөйлеу мәдениеті және сахна мәдениеті;
– сыртқы түр,киіну үлгісі;
– бейтаныс мәтінмен жұмыс жасау қабілеті, мәтінді тез жаттап алу, сурып-салмалық өнер.
Нәтижесінде 50 баланың 11-і үздік деп танылып, «Мен тележүргізуші болғым келеді!» кастингінің жеңімпазы саналды. Яғни, «Ботақан» телестудиясының тележүргізушілер қатарына өтті.
Ал, сол күні, түстен кейінгі қатысқан 36 баладан 13-і үздік шықты. Сонымен, кастинг тәмам! Алда жаңа құраммен жаңа түсрілімдер басталады. Бәрімізге сәттілік!