Қос командамыз да үздік шықты
31.10. 2019ж. «Жас ұлан» БЖО жанынан құрылған екі бірдей КТК (КВН) командасы Қарағанды облысының Саран қаласына барып, «Маусымашар – 2019» фестивалінің бас жүлдесін иеленіп қайтты.
Құрылғанына 2 ай ғана уақыт өткен «Эврика» және «Бизнесмендер» командалары осынша аз уақыттаң ішінде үлкен нәтижеге жетіп отыр.
Жоғары лигаға қатысқан «Эврика» командасы Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ студенттерінен құралса, мектеп лигасында өнер көрсеткен «Бизнесмендер» тобы оқушылардан жасақталған. Ойын барысында ой салар салмақты әзілдерді орындауға тырыстық. Мысалы, ойын соңында Кейкі батыр туған аймақтан келгенімізді айтып, осал жерден келмегенімізді білдіріп, бабамыздың ерлігі мен тарихына тоқталып өттік. Осы тұсымыз ұтымды болды деп ойлаймын. Нәтижесінде өнерімізді қазылар алқасы жоғары бағалап, Орталық аймақтық Республикалық деңгейде өткен 15 команда арасынан бас жүлдеге біз ие болдық,- дейді «Жайдарман» үйірмесінің жетекшісі Нұржан Сейтқожин.
Саранға апарған әзілкештер «Жайдарманның» Арқалық қалалық маусымашарында жақсы өнерімен көзге түскен командалар екен. Сырт аймаққа алғашқы рет шығып тұрса да жоғары нәтижеге қол жеткізе алған командалардың жетекшісі Нұржан Тойшыбекұлының алға қойған мақсаты үлкен. – «Бизнесмендер» мектеп лигамыз Қарағандының мектеп лигасына, «Эврика» командамыз жоғары лигаға жолдама алып келді. Бұл жарыстарға да тыңғылықты дайындықпен барып, жақсы нәтижемен ораламыз деп ойлаймын. Одан кейін алдағы ақпан айында үлкен фестиваль болады. Есен Елеукеннің өзі жүргізетін бұл маусымашарға Республиканың әр өңірінен кемінде 400 –дей команда қатысады. Сол 400-дің қатарынан табылсақ деген жоспарымыз бар. Мен өзім мектеп жасымнан КВН ойнадым. Республикалық деңгейде де өнер көрсеттік. Алға қойған мақсатым өзім жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе деймін. Осы бағытта тынбай еңбек ететін боламыз,- деп алға қойған мақсатымен бөлісті ол. Жоспарларың жүзеге асып, армандарың орындалсын. Шәкірттерің биік белестерді бағындыра берсін!
Қонақжай Саран қаласына алғыстары шексіз, өздері үшін үлкен тәжірибе жинап, өнер көрсетіп қаламызға жеңіспен оралған екі командамызда қолдау көрсеткен БЖО «Жас – Ұлан» орталығына ризашылықтарын айтты.