«Жайдарман» ойындарының 1/4 кезеңі өткізілді
12.11.2019 жылы Сейтхожин Нұржан Тойшыбекұлының ұйымдастыруымен «Жастар жылында» жастардың басын біріктірген «Жайдарман» ойындарының 1/4 кезеңі өткізілді. Мұнда қатысушылар – мектеп, колледж, институт командалары және құрамалары болды.
Бұл жолғы ойынның ерекшелігі жайдарман достық мекені болғандықтан, екі команда қосылып бір сәлемдесу сайысын көрсетті. Ширек финал 2 сайыстан тұрды, олар «Сәлемдесу» және «Жамбы ату». Сәлемдесу сайысы бойынша жоғары ұпай алған командалар «Өзіншелер» 8 мектеп, «Бизнесмендер» ДЮЦ құрамасы, «Абай Үздіктері» 6 мектеп және сырттан келген қонақ команда «Тәуіш.кz» болды.
Екінші сайыста Жамбы ату, яғни биатлонда жақсы әзілдер оқып, финалда «Тәуіш.кz» пен «Абай үздіктері» бір ұпайдан алды.
Мерекелік көңіл күй ойынның алғашқы сәттерінен-ақ байқалды. Барлық командалар жартылай финалға өту үшін барынша ұтымды әзілдер ойнап, әртістік қабілеттерін барынша ашуға тырысты.
1/4 финалда әділ-қазылар төреағасы қаламыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы, ақтаңгер айтыскер ақын, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика және филология факультетінің деканы – Қалиев Айбек Киікбайұлы болды. Айбек Қалиев ойынның жақсы деңгейде өткенін ойын соңында айтып өтті.
Жартылай финалға 8 команда жолдама алды, олар:
- «Тәуіш.кz»
- «Абай Үздіктері»
- «Шоқан Жастары»
- «Бизнесмендер»
- «Доллар»
- «Русланның Қыздары»
- «Эврика»
- «Өзіншелер»
Қорытынды бойынша «Чемпион команда» – «Тәуіш.кz», ал «Үздік ойыншы» – «Шоқан Жастары» командасының ойыншысы – Еркін Алданыш болды.
БЖО «Жас – Ұлан» акт залы әр – түрлі жас аралықтарындағы көрермендерге, соның ішінде жастарға лық толы болды, барлық командалардың қолдаушылары ойын соңына дейін өз командаларына демеу беріп, қолдап отырды. Бұл дегеніміз «Жайдарман» сүйер қауымның осы өнерге деген қызығушылықтарының жоғары екенінің нағыз дәлелі.
Жайдарманшыларға алдағы жартылай финалда сәттілік тілейміз!