Өлкетану — белгілі бір өңірдің табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін зерттеумен шұғылданатын ғылым мен мәдениет саласы; шағын аумақтың табиғатын, халқын, шаруашылығын, тарихын және мәдениетін, елді мекендерін олардың таяу төңірегімен қоса зерттеу.
Салалық өлкетану (тарихи, этнографиялық, топонимиялық және т.б.), табиғи және әлеуметтік құбылыстардың өзара байланысын зерттейтін кешендік географиялық өлкетану болып бөлінеді. Өлкетанудың негізгі әдісі – аумақ туралы ақпаратты, табиғи үлгілерді (геологиялық, топыр
ақ, биологиялық, зоологиялық), материалдық мәдениет заттарын және т.б. деректерді жинау және жүйелеу.
Біздің өлкеміз Арайлы — Арқалық қаласы.
Арқалық — Қостанай облысының оңтүстігіндегі қала, бұрынғы Торғай облысының орталығы. Қаланың негізі 1956 жылы қаланып, қала статусына 1965 жылы ие болды.
Арқалық қаласынан облыс орталығы Қостанай қаласына дейінгі қашықтық — 463 км.
Арқалық 1956 жылы геологтер мен құрылысшылар кенті болып негізі қаланды.
1965 жылы Арқалық қала мәртебесін алып, 1970 жылы Торғай облысының орталығы атанды.
Қала 1980 жылы өзінің гүлдеуіне жетті: мұнда ет комбинаты, құс фабрикасы, сүт зауыты, элеватор, керамика фабрикасы, тігін фабрикасы, радиобөлшектер зауыты жұмыс істеді, авиамотор зауытының құрылысы басталды, Торғай боксит кен басқармасы (ТБРУ) КСРО-дағы боксит кенінің 20%-ын өндірді. Алайда өнеркәсіптік өндірістің жетістіктеріне қарамастан, Торғай облысының экономикасы Қазақстанның басқа өңірлерінен даму жағынан қалыс қалды, өйткені 90%-ы аграрлық бағытта болды. Облыс республикалық бюджеттен үнемі дотациялар талап етті, сондықтан 1988 жылы маусымда жойылып, аумағы Қостанай және Ақмола облыстарының арасында бөлінді. Облыс орталығы болудан қалған қаладан инфрақұрылымның бір бөлігі (мысалға, облыстық радиостанция) көшіріліп, бірқатар келешегі бар өнеркәсіптік объектілер тоқтап қалды. 1989 жылы Арқалықтың белсенді тұрғындарымен Торғай облысы қалпына келтіру бойынша оргкомитет құрылып, республика басшылығына үндеуінің арқасында Торғай облысы 1990 жылдың тамызында екінші рет құрылып, Арқалық қайтадан облыс орталығы болды.